Құрметті оқырман қауым!
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы тың жобаны – «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбек армиясында болған шығысқазақстандықтар (1941-1945)» өмірін зерттеуді қолға алды. Кітапхана сайтында жобаның ережесі берілген (http://kray.pushkinlibrary.kz/ru/kraevedenie-vko/2794-kraevedcheskoe-issledovanie-vostochnokazakhstantsy-v-trudovoj-armii)
Біз, кітапхана қызметкерлері, аталар ерлігіне бас ие отырып, барша халықты осы жобаға қатысуға шақырамыз. Еңбек Армиясы қатарында қызмет етіп, ерен еңбек үлгісін көрсеткен әке -аталарыңыз, туыстарыңыз туралы қандай да бір дерек білсеңіздер (эссе, очерк, фотосурет, т.б.) кітапхананың электронды поштасына (spravka@pushkinlibrary.kz; iimaspushkina@mail.ru) жіберулеріңізді сұраймыз.
Қан майданға қатысқан, тылдағы ауыр еңбекке араласқан, бүгінге азайып қалған ардагерлердің жүрегін сыздатып, жанын жаралап жатқан ұмытылмас естеліктері, толық зерттелмеген тарихы бар. Тарихтағы сондай ақтаңдақтардың бірі – Ұлы Отан соғысы деп аталатын зұлмат жылдары еңбек армиясын алынғандар тағдыры. Еңбек армиясы дегеніміз не?
Еңбек Армиясы – жұмыс күшін адамның еріктен тыс пайдалану кеңес экономикасының ажырамас бөлігі болып табылады, кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен басталған. Осы кезеңде құрылған еңбек армиялары кеңес дәуірінде азаматтарды еріксіз түрде әскери қара жұмыстарға мәжбүрледі.
Соғыс кезінде еңбек армиясы қатарында болғандар екі категорияға бөлінді. Бірінші категория моральдық-саяси белгілері бойынша майданға шақырылмаған, арнай қоныстандырылған халық өкілдерінен құрылды. Екінші категория бойынша көпшілігі ұжымшар тұрғындары болып табылатын 200 мыңдай қазақтар да шақырылған екен
Еңбек армиясындағы адамдардың тұрмыстық-материалдық жағдайы өте ауыр болды. Арнайы қоныстандырылғандардың көп бөлігі ауру мен аштықтан қырылды. Мыңдаған қазақстандықтар еңбек армиясы құрамында металл балқытатын мартен пештерінде, канал қазу жұмыстарында, өзге де адам төзгісіз жанкешті еңбекті қажет ететін қара жұмыстарды атқарды.
Моральдық – әлеуметтік жағынан өте төмен саналған осы аянышты тағдыр иелерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі өлшеусіз. Әлі күнге дейін қоғамда лайықты бағасын ала алмаған осы «трудобойлар» туралы ащы шындықты білгіңіз келсе,»Бәрі де майданды» оқыңыз! (Бөкей О. Шығармалары [Мәтін]. Т. 2 / Бөкей О. - Алматы : Ел шежіре, 2013. - 384 б. )
Бүгінгі жас ұрпақ соғыстың шын тарихын, қолына күрек пен қайла алып жүріп, Ұлы Жеңіске орасан зор үлес қосқан аға ұрпақ өкілдерінің еңбегін біліп, құрметтеуі керек. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы жақындап қалды. Ерлер есімі қандай да құрметке лайық! Атсалысыңыздар!
Тарбағатайлық ақын Әрімбек Мәселұлы 1940 жылы дүниеге келген.
Өнеріме тамыр-таныс, жұрт сыншы,
Оқырмандар бетті бері бұрсыншы.
Жер жүзіне таңдамалым таралып,
Том-том болып сөрелерде тұрсыншы!- деп жырлаған ақын кітапхана қорына үш томдық таңдамалы жинақтары мен «Тағдыр», «Тұлға» атты кітаптарын сыйға тартты. Таңдамалыға ақынның әр жылдар жарық көрген кітаптарынан үздік өлеңдері, баллада поэмалары мен толғаулары, сатиралық новеллалары мен шымшыма шумақтары, үшінші томына Тарбағатай өңіріндегі өнегелі отбасылар туралы деректер берілген.
«Тағдыр» жинағында заман рухын, дәуір тынысын сездіретін өлеңдер мен елге елеулі азаматтар жайында арнаулар топтастырылған. «Тұлға» жинағында ел мен жердің қарапайым адамдарын, ел тұлғасы- ел тұғыры дәрежесіне көтергісі келген ақынның өзі де Тұлғаға айналып кеткен зерделі оқырман сезетіні даусыз.
Туған жердің кіндігіне байланып,
Жатырмын мен жақсы жайлы ойланып,
Туған жердің «Тұғырына» тұрып ап,
Тұлғасына кеттім бүгін айланып!- деп жырлаған Әрімбек ақынның поэзия әлеміне қош келдіңіздер!
Әр өлкенің өзінің тарихы, киелі жерлері бар. Біздің Шығыс Қазақстан да осындай құпияға толы киелі жерлермен бай. 3-4 қазан күндері іс-сапармен Көкпекті ауданын барып қайттық. Осы сапарымызда Қалба тарихының сырымен, шежіренің жырымен, оқиғаның желісімен, Көкпекті ауылының тұрғыны, тарихшы, өлкетанушы Қайрат Малгаждаров мырза таныстырып, Көкпекті ауылынан 4 км ара қашықтықта орналасқан, жартастарда қашалып салынған таңбалы тастары бар Қаракезең асуына барып III (неолит, ерте қола, қола) дәуірді қамтитын кезеңнің құпиялы сырлары жайында қызықты деректерімен бөлісті.
Семинардың соңында «Көкпекті ауданының киелі жерлері» атты кітапшасын сыйға тартты. Кітапшаның ішіндегі көңіліме жаққан киелі жерлердің бірі - Апрым кесенесі. Қазіргі кезде әлемнің барлық жерлерінде қолданысқа еніп жүргін Буккросинг (ағылшын тілінде «кітаптың айналыста жүруі) - «өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» қағидасына негізделген хобби мен адам және кітап арасынд жақындататын, кітап оқуға шақыратын қоғамдық қозғалыстардың бірі, 1850 жылдары осы төңіректе өмір сүрген ауқатты шонжар Апрым сол кезде Буккросингті қолданған екен. Апрым асқан бай, әрі сауатты адам болған. Қолданылған кітапханасын кесене күмбезіне қойдыртқан. Көшпенді қазақтар дала кітапхана ретінде қолданып келген. Кеңес үкіметі орнауымен ескіліктің қалдығы ретінде жойылған. Қазір сыртқы тас дуалы, күмбездің қирандысы сақталған. Орналасқан жері - Биғаш ауылдық округінің орталығы, Биғаш ауылынан 15 км жерде Апрым қыстауының аумағында екен.
Бұл кітапшадан өз өлкесінің тарихын білгісі келетін әр оқырман өзіне қызықты ақпараттар алады деп ойлаймын.
#шығысқазақстан #пушкинкітапханасы #көкпектіауданы #киеліжерлер #қаракезең #апрымқыстауы
http://www.pushkinlibrary.kz/kz/
Тілдер мерекесі қарсаңында кітапхана қоры жерлес автор Қанат Мұратбекұлы Жүкешовтың «Философия языка» атты жаңа кітабымен толықты.
Кітапхана директорының орынбасары Меруерт Бауыржанқызы мен өлкетану секторының жетекшісі Зиза Мұхтарханқызы кітап авторы, ғалым –лингвистпен «Тіл – татулық тірегі» кітап көрмесінің жанында кездесті.
Қанат Мұратбекұлы кітап көрмесі қарапайым оқырмандардың ғана емес, зерттеуші ғалымдардың да қызығушылығын тудыратын ауқымдылығына назар аударды. Кітапхана ғимараты, заман талабына сай жабдықталған оқу залының қызметіне көңілі толып, құрметті қонақтар кітабына пікір жазып қалдырды. Қанат Мұратбекұлы - 100 –ге тарта ғылыми еңбектің, 2 монографияның, 5 оқулықтың , 13 оқу құралының авторы.
Бүгінгі күні мемлекеттік тіл мәселесі, оның заман ағымына орай дамуы туралы келелі мәселелерді қозғауда.
Жаңа кітап өз оқырманын күтуде. Асығыңыздар!
Туған жеріне өлердей ғашық өлкетанушы Зейнолда Қайсеновтың « 1916 жыл Шығыс өңіріндегі халық көтерілісі», «Шығыс өлкесінің тарихи әдеби очерктері» атты кітаптары біздің қорға түсті.
1916 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы жерінде орын алып, тарихта «Орайшап» деген атпен қалған халық көтерілісіне 100 жыл толуына орай шығарылған. Тайынты болысында орын алған ұлт-азаттық көтерілісінің себеп-салдарын тереңдей зерттеп, елдің азаттығы үшін жанын қиған қасбатырлардың жанқиярлық ерліктерін кейінгі ұрпаққа паш етеді.
Сәукетаев Тұрысбек (1950 ж.) – жерлес жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Тұрысбек Сәукетаевтің соңғы уақытта заманымыздың соқпалы кезеңдерін суреттейтін «Қилы тағдыр» атты романдар циклін жазып жүргені көзі қарақты оқырман қауымға жақсы таныс.
«Желқайық романы -сол цикльдің үшінші кітабы. «Ан-Арыс» баспасынан 2019 жылы басылып шықты. «Айқараңғысы», «Бұлағай» романдарының жалғасы.
"Желқайық" -көп салалы күрделі роман.
Азаттық қарсаңындағы қазақ қоғамының әлеуметтік халі, рухани болмысы психологиялық кең ауқымды көркемдік қуатпен барынша шынайы суреттелген.
Кітап сіздің еншіңізде. Келіңіз, таныс болыңыз !
Мамыр айының соңғы күні ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Нақ осы жылдары қазақтың ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері жаппай жазықсыз жазаға ұшыраған еді.
Сондай жазықсыз қуғын-сүргін зардабын тартқандардың бірі - қазақтың көрнекті саяси жəне қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, тарихшы-ғалым,этнограф, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері Мұхамеджан Тынышбаев болатын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 23 мамыр күні сағат 15.00 –де кітапханада Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай «Мұхамеджан Тынышбаев: Ғұмырдан да ұзақ жол» атты ғұмырнамалық кеш өтті.
Достар!
Сіздерді және сіздің жақындарыңызды
Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Жауынгерлік ерлігімен, ерен еңбегімен Жеңіс күнін жақындатқан шығысқазақстандық жерлестерімізді құрметпен еске алайық!
Шығыс Қазақстан ҰОС жылдарында (1941-1945 жж.)
Әскерге шақырылғаны - 170059 адам.
Қаза тапқандар - 95 862 адам.
Жауынгерлік ерлігі үшін 29 мың шығысқазақстандық сарбаз Кеңестер Одағының орден-медальдарымен марапатталған.
Кеңес Одағының шығысқазақстандық батырлары - 109.
«Даңқ» орденінің шығысқазақстандық толық иегерлері - 22
Шығыс Қазақстан аумағында 8-ші және 238-ші атқыштар дивизиясы құрылды.
Қоныс аударып келген 12 кәсіпорын орналастырылып, іске қосылды.
Жауға атылған әр 10 оқтың 4-уі біздің облыста, әр 10 оқтың 8-і Қазақтанда жасалған еді.