2022 жылға арналған күнтізбенің толық нұсқасын жүктеп алуға болады. Жүктеу
9 наурыз 2022 жылы. Зайсанның азаматы, балуан. кітап авторы Асқар Сәбитовтың ағасы Сәбитов Жалында кітапхана қорына «Зайсанның жайсаң балуандары» атты кітапты сыйға тартты.
Соңғы жылдары Зайсан ауданының өткені мен бүгіні, болашағы мен азаматтары жайлы энциклопедия да, бірталай кітап та жарық көрген. Енді бұл кітап солардың қатарын толықтыратын асыл қазына болатыны сөзсіз. Кейіпкерлердің балуандық тұлғалары ғана емес, көпшілігінің ішкі жан-дүниелерімен қатар адамдық, қоғамдық, отбасылық тұлғалары да көрсетіліпті. «Жайсаң» деген сөзге лайықты балуандар біршама жан-жақты жазылған.
Арғы бергі арадағы өткен мен кешегі марқұм балуандардың кітап бетінен орын алуы Зайсанның балуандар тарихын байыта түседі. Балуандардың жеке өміріне бір-бір кітап жазылса, оның қазақтың қара домалақ балаларына үлгі-өнегесі, ұрпақ тәрбиесіне берер тағылымы мол болар еді.
Зайсан ауданы спортшы балуандардың кешегі бүгінгі тарихын Зайсан ауданының тарихынан еш бөліп қарауға болмйды. Спорттың тарихы бір балуандар кітабымен тоқталып қалмайды, спорттың басқа салаларын қамтыған кітаптар жарық көреді деп сенеміз.
Ең бір өкініштісі, кітап баспадан шығып жатқан кезде, кітап авторының кенеттен өмірден қайтуы. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат, ақын, жазушы, журналист, сазгер, бар ғұмырында адамгершілік мұраттарды ардақ тұтудан айнымаған абзал жан - Асқар Жұмаханұлы Сәбитов құрастырған. Түгел дерлік өз қолымен жазып шыққан. Кітап өмірінің жалғасы, екінші өмірі басталды. Әрбір кітапты ашып оқыған ұрпақ авторды еске алатыны анық.
Қызықты мәліметтер молынан қамтылған жинақтың тілі жеңіл, көпшілік оқырманға арналған. Жалпы кітаптың тұсаукесері оқырмандар арасында өтсе, ұрпақ кітап туралы көптеген мағлұматтар алар еді. Ұрпақ сабақтастығы деген осы.
Келіңіз, кітаппен таныс болыңыз, кітап сіздің еншіңізде!
Бүгін 17 ақпан 2022 жылы, Әлихан Бөкейханов университетінің оқытушылары, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейітова Шынар Ботайқызы, филология ғылымдарының докторы, доцент Гайнуллина Фарида Ахметқызы «Катонқарағай ауданы жер-су атауларының сөздігі» атты кітапты кітапханаға сыйға тартты.
Сөздік Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының жер-су атауларын жинастыру барысында дайындалған. Жер-су атаулары –қазақ халқының ғасырлар бойы жүріп өткен жолының небір құндылықтарын бойына сіңірген тілдік жәдігері. Туған өлке тарихын түгендеу, келесі ұрпақтың зердесіне қонымды етіп, ақ-қарасын айқындай отырып, аманаттау келелі істің бастауында жүрген бүгінгі буын өкілдерінің парызы.
Катонқарағай өңірінің топонимикасы да туған елдің жертану, өлкетану әлемінің бір тарауы болып табылады.
Оқу құралын этнолингвистика, тарих, мәдениеттану , қазақ және орыс әдебиеті тарихы курстарында, ШҚО территориясының әдеби және тарихи туризмді дамыту бағдарламаларын жасауда, өлкенің виртуалді тарихи әдеби картасын жасауда пайдалануға болады.
Кітаптың электрондық нұсқасын өлкетану электронды катологынан оқи аласыздар. Құрметті оқырман кітап сіздің еншіңізде.
Уалханова Рақия Нұралықызы
2021 жылы 13 желтоқсан күні А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапхана қонағы ақын Қабылов Мырзабектің жұбайы Қабылова Райхан Халыққызы кітапхана қорына «Тау самалы», «Я с Алтая вечный зов услышу...», «Ашайын жан сырымды ашылмаған», «Земля родная ты мне колыбель», «Биікті жүрек аңсайды», «Мой отчий край-начало из начал», «Бір ұлыңмын өзіңді ұлықтаған» атты кітаптарын, «Алтайдың ақ сұңқары» бейнежазбаны сыйға тартты. Өкінішке орай, жерлесіміз Мырзабек Қабыловтың маңдайына жетпісті ғана жазыпты. Бір сәтте үн-түнсіз мәңгілікке кете барды. Қолдан келер жоқ.
Кітаптардың авторы Мырзабек Қабылов-инженер-механик. Катон-Қарағай өңірінде, алып Мұзтаудың етегінде Белқарағай ауылында дүниеге келген. Өрел орта мектебін алтын медальға бітірген. Қазақтың ауыл шаруашылық институтын үздік тәмамдаған инженер-механик.
Елімізде сирек кездесетін қос тілді ақындарымыздың бірі, бірі емес бірегейі десек қателеспейміз. Ана тіліндегі өлең шығармаларын былай қойғанда, орыс тіліндегі поэзиялары 2019 жылы Ресей Федерациясының Бунин атындағы сыйлығының лауреаты дәрежесін иеленді. Ондаған өлеңдерінің сөзіне Марат Қондыбаев, Болат Әшірбаев өлең жазды. Қазір бұл әндер кеңінен таралып, айтылып жүр. Мырзабек лирикасының бір ерекшелігі-қайталап айтуға да, ұғымға да қарапайымдылығы.
Сонымен қатар екінің біріне дари бермейтін үздік сынықшы. Қазақстанның халық емшісі қауымдастығының құрметті мүшесі.
Қара жердің өлгені-
Қар астында жатқаны.
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді,-деп Бұқар жырау жырлағандай, Мырзабектің адамгершілігі, елжандылығы, оның атын көзі тірісінде шығарып еді, енді өміршең жырлары оның рухын, елге, табиғатқа деген сүйіспеншілігін ұзақ уақыттарға өлтіре қоймас.
Ақын Мырзабек Қабыловтың жыр жинақтары азаматтық үнімен, ақ адал сыршылдығымен, туған жерге деген шынайы іңкәрлігімен ерекшеленеді. Ақынның отаншылдыққа, адалдық пен арлылыққа шақыратын өлеңдері, дос жаран, ағайын-туыс мерейтойына арнаулары, әсем әндері енгізілген жинақ жырсүйер оқырманның көңілінен шығады деп сенеміз.
Кітапты толықтыру бөлімінің жетекшісі Уалханова Рақия Нұралықызы
Ақын, Қазақстан Республикасы «Дарын»мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
басшысы Қалқаман Сариннің «Ғазал-ғұмыр» атты өлеңдер жинағы кітапхана қорына келіп түсті. Кітап республикалық бюджет қаражаты есебінен әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару, тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрді. Ақынның біздің кітапханада «Екеуіміз» атты өлеңдер жинағы ғана бар еді, енді мемлекеттік тапсырыспен облыстағы барлық кітапханалар алатын болды.
Қалқаман Айымғазыұлы Сарин – 1978 жылдың 2 қаңтарында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының Арқат ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы. «Арманымның бейнесі», «Құс жолындағы керуен» атты жыр жинақтарының авторы.
Ақынның жинағына әр жылдары жазған лирикалық жырлары мен аудармалары енді. Ақынның жүрекжарды тебіренісі оқырманды да бей-жай қалдырмайды.
#Жаңакітап #ҚалқаманСарин #Ғазалғұмыр
Танымал есімдер -http://imena.pushkinlibrary.kz/.../pisateli-i.../261-.html
«Мен Катонқарағай ауданының тумасымын. 40 жылдан астам Атырау қаласында тұрып жатырмын. Сонау батыста тұрып жатсам да, туған жерімнің - Төр Алтайдың жаңалықтарына құлақ түре жүрем. А.С. Пушкин атындағы кітапхананың «Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясына қатысқан шығысқазақстандықтар» атты жобасына қызығушылығым артты. Себебі менің әкем Бурахан Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясына жұмылдырылып, Свердловск облысының Белка руднигінде шахтер болып еңбек еткен еді. «Огнеупорная глина» деген ақ топырақ қазып, одан метал балқытатын қазан жасаған. Майданға жіберілетін қару-жарақ жасайтын металды осы қазанда балқытатын. Демалысты білмей, жанталаса қимылдап жеңіс жолында еңбек етті. Еңбек армиясындағы жанталасқан жұмыс майдандағы алғы шептен еш кем емес болатын. Ауыр жұмысқа шыдамағандар майдан даласындағы қарша бораған оқ астында жүруді артық санап, соғысқа сұранып, майданға кетіп жатты. Адам төзгісіз жағдайда Жеңіс жолында еңбек еткен әкем 1947 жылы ауылға оралды. Кітапхана сайтындағы еңбек Армиясына қатысқан азаматтар тағдырымен, кітаптың электронды нұсқасымен танысып шықтым. Асқан төзімділікпен еңбек көрігін қыздырған менің әкем сияқты азаматтардың еңбегін зерделеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп жатқан еңбектеріңізге алғысымды айтайын, деп сіздерге ат басын әдейілеп бұрдым. Өзім филолог болған соң кітап мәтінінің стилистикасы ұнағанын айта кеткім келеді. Құрастырушыларға көп рахмет!
Кітапханамен, ұжымдарыңызбен танысып бір марқайып қалдым. Кітапханада еңбек десе ізденіп, жайнап тұрған қыздарды көрдім. Өскеменде осындай тамаша кітапхана барын білмеппін. Өскемен менің көз алдымда басқа ұлт өкілдерінен тұратын осындан қырық жыл бұрынғы кейпінде қалып қойыпты. Елу жылда ел жаңа дегендей, жағымды өзгерістер көп екен. Еңбектеріңізге жеміс, шығармашылық табыс тілеймін. Өзім қырық жылдан астам мұғалім болып зейнетке шықтым. Азды көпті еңбегім бағаланып «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ы. Алтынсарин төсбелгісімен марапатталдым», – деп ақжарма тілегін білдірді. Еңбек Армиясының ерлері туралы кітап «Арыс» баспасына тапсырылды. Баспа директоры, Ғарифолла Әнес мырза демеушілік танытып, кітаптың келер жылы баспадан шығатынына уәде берген еді. Гүлсім Бураханқызы «Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына 20 жыл» фотокөрмесімен танысып, кітапханашылармен естелік суретке түсті.